Экономика

ЕЛІМІЗДІҢ ӨҢІРЛЕРІНЕН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯЛАР ТҮРКІСТАННЫҢ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ТӘЖІРИБЕСІН ҮЙРЕНІП ЖАТЫР

ЕЛІМІЗДІҢ ӨҢІРЛЕРІНЕН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯЛАР ТҮРКІСТАННЫҢ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ТӘЖІРИБЕСІН ҮЙРЕНІП ЖАТЫР

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту, шағын өндірістік алаңдарды тиімді ұйымдастыру және отандық өнім өндірісін арттыру бағытындағы тәжірибе басқа өңірлерге үлгі ретінде ұсынылып жатыр. Осы мақсатта еліміздің оннан аса өңірінен кәсіпкерлік саласына жауапты әкім орынбасарлары, басқарма басшылары мен тиісті мекемелердің өкілдері Түркістан облысына арнайы келді. Сапар барысында делегация мүшелері өңірдегі өндірістік алаңдардың жұмысымен танысып, кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа өндірістерді іске қосу тәжірибесін зерделеуде.

🔰Алғашқы нысан ретінде Сауран ауданындағы «Иассы» өндірістік алаңының жұмысы таныстырылды. Делегация өкілдеріне өндірістік алаңның мүмкіндіктерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров көрсетті.

🔰Жалпы аумағы 9 гектарды құрайтын өндірістік алаңда 24 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобалардың жалпы құны 6,3 млрд теңге, жоспарланған жұмыс орнының саны – 430. Мұнда жиһаз жасау, тігін бұйымдарын шығару, құрылыс материалдарын, пластмасса және қағаз өнімдерін өндіру бағыттары қамтылған.

🔰Кездесу барысында өндірістік алаңдарды дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, инвестиция тарту және жергілікті өндірісті өркендету мәселелері сөз болды. Қатысушылар Түркістан облысында шағын өндірістерді орналастыруға арналған инфрақұрылым қалыптастыру және кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау тәжірибесімен танысты.

🔰Түркістан облысында бүгінде 200 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Соңғы екі жылда 12 индустриалды аймақ құрылып, олардың жалпы саны 21-ге жетті. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағы 1 450 гектарды құрады. Бұл аумақтарда жалпы құны 447 млрд теңге болатын 138 жоба жүзеге асырылуда.

🔰Сонымен қатар облыста 29 шағын өнеркәсіптік парк құрылып, 275 өндірістік ғимараттың 178-і пайдалануға берілді. Парктерде 146 жоба іске қосылып, инвестиция көлемі 163 млрд теңгеге жетті.

🔰Жергілікті шикізатты тиімді пайдалану және импортқа тәуелділікті азайту бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 176 млрд теңге болатын 31 жоба іске асырылды. Қазір құны 280 млрд теңгені құрайтын тағы 39 жоба жүзеге асырылуда. Ал кәсіпкерлікті қаржылай қолдау аясында соңғы екі жылда жеңілдетілген несиелендіру көлемі 62,7 млрд теңгеге жетті.

Фото 1

1 / 9