Саясат

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ МЕН ӨҢІРЛЕР ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛДЫ ДАМЫТУ КОМАНДАСЫ» ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ МЕН ӨҢІРЛЕР ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛДЫ ДАМЫТУ КОМАНДАСЫ» ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

⚜️Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен еліміздің оннан өңірінен келген делегация Түркістан облысы Сауран ауданында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан «Ауылды дамыту командасы» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Құрамында өңір әкімдерінің кәсіпкерлікке жауапты орынбасарлары, басқарма басшылары мен тиісті мекемелердің өкілдері бар делегация Түркістан облысына ауылдарды дамыту және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы тәжірибені зерделеу үшін арнайы келді.

⚜️Қонақтарға жобаның жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өңірде елдің әлеуметтік жағдайын жақсартатын бастаманың маңыздылығына тоқталды. Әріптестерінің сұрақтарына жауап берді.

⚜️Жоба Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округінде жүзеге асырылып жатыр. Округ құрамына Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Құмайлықас елді мекендері кіреді. Мұнда 6 920 тұрғын тұрады, 960 жеке қосалқы шаруашылық бар.

⚜️«Ауылды дамыту командасының» басты мақсаты – ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын зерделеп, әр отбасының қажеттілігіне қарай нақты қолдау көрсету. Осы бағытта тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқуға жіберу, кәсіп бастауға жәрдемдесу және мемлекеттік қолдау шараларына тарту көзделген.

⚜️Жобаны жүзеге асыруға жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс салаларының мамандары тартылады. Олар тұрғындарға қажетті құжаттарды рәсімдеуден бастап, бизнес-жоспар әзірлеу мен кәсіпкерлік жобаларды іске асыруға дейін сүйемелдеу көрсетеді. Әр отбасының жағдайы жеке қарастырылып, көрсетілген көмектің нәтижесі тұрақты бақыланады.

⚜️Пилоттық жобаның маңызды бағыттарының бірі – тұрғындарды «Ауыл аманаты» бағдарламасына тарту және жеке қосалқы шаруашылықтардың табысын арттыру. Осы мақсатта Бабайқорған ауылдық округіндегі ет бағытындағы «Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүмкіндігін пайдалану жоспарланған. Ұсынылған модель бойынша 289 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін кооператив арқылы өткізуге жағдай жасау және бес адамды жұмыспен қамту көзделеді.

⚜️Сапар барысында делегация мүшелеріне ауыл тұрғындарымен жұмысты ұйымдастыру, отбасылардың табыс көздерін арттыру және жергілікті шаруашылықтардың әлеуетін тиімді пайдалану тетіктері таныстырылды.

«Ауылды дамыту командасы» жобасы ауылдағы мәселелерді кешенді шешуге, тұрғындардың тұрақты табыс табуына және жергілікті экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Сауран ауданында қолға алынған пилоттық жобаның тәжірибесі басқа өңірлерде де осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруға негіз болмақ.

Фото 1

1 / 3