ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ – МӘДЕНИЕТТІҢ БАСТАУЫ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізілетін ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасындағы «Ауыл – мәдениеттің бастауы» атты облыстық байқау өтті. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Ауыл мәдениетінің дамуына серпін беріп, шығармашылық ұжымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Отырар ауданының Темір ауылдық мәдениет үйіне бұйырды. Ал жүлделі I орынды Сарыағаш ауданының Жемісті ауылдық мәдениет үйі иеленді.
Жүлделі II орын үш мәдениет ошағына табысталды. Атап айтқанда, Түлкібас ауданының Шақпақ баба ауылдық мәдениет үйі, Төлеби ауданының Бірінші мамыр ауылдық мәдениет үйі және Қазығұрт ауданының Шанақ ауылдық мәдениет үйі үздіктер қатарынан көрінді.
Ал III орынға Арыс қаласындағы Қожатоғай ауылдық мәдениет үйі, Сауран ауданындағы Бабайқорған ауылдық мәдениет үйі және Жетісай ауданындағы Сәтпаев ауылдық мәдениет үйі лайық деп танылды.
Байқау аясында мәдениет саласының үздік қызметкерлері арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік ауылдық мәдениет үйі қызметкері» номинациясы бойынша Созақ ауданынан Сарман Болатбек, «Үздік ауылдық мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша Сауран ауданынан Мияссар Хидириалиева үздік деп танылды.
Ал «Үздік мәдени іс-шара ұйымдастырушы» номинациясын Арыс қаласынан Сейілхан Ердос иеленсе, «Үздік көркемөнерпаздар ұжымының жетекшісі» номинациясы бойынша Төлеби ауданынан Ермағанбетов Мейіржан мен Отырар ауданынан Төлешов Сейітқұл марапатталды. Сонымен қатар «Үздік үйірме жетекшісі» номинациясы Жетісай ауданынан Райымбекова Алмагүлге бұйырды.
Ауылдық клубтар арасындағы байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Түлкібас ауданының Мыңбай ауылдық клубына бұйырды. I орынды Төлеби ауданының Момынай ауылдық клубы иеленді. Ал II орын Төлеби ауданының Бейнеткеш ауылдық клубы мен Арыс қаласының Жиделі ауылдық клубына табысталды. III орынға Төлеби ауданының Жамбыл ауылдық клубы және Созақ ауданының Сызған ауылдық клубы лайық деп танылды.
Сонымен қатар ауылдық клубтар арасында арнайы жүлделер табысталды. Атап айтқанда, «Үздік үйірме жетекшісі» арнайы жүлдесі Бәйдібек ауданынан Есенбайқызы Айидаға, ал «Үздік креатив маман» арнайы жүлдесі Кентау қаласынан Әмзе Әсемайға берілді.
Бұдан бөлек, «Өнер және мәдениеттің жанашыры» арнайы жүлдесі Жетісай ауданынан Ботакөз Ділдәбековаға,, «Мәдениет көшбасшысы» арнайы жүлдесі Сарыағаш ауданынан Бекмұрат Қабыловқа, ал «Үздік ұйымдастырушы» арнайы жүлдесі Төлеби ауданы Ернар Байшовқа табысталды.
Айта кетейік, байқаудың басты мақсаты – ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмыс сапасын арттыру, халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету жүйесін жетілдіру және шығармашылық ұжымдардың озық тәжірибесін кеңінен насихаттау.
Байқауға облыстың 17 аудан-қаласындағы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары қатысты. Бұл – өңірдегі мәдениет ошақтарының өзара тәжірибе алмасуына, үздік бастамалардың кеңінен таралуына және ауыл мәдениетінің өркендеуіне жол ашатын маңызды алаң.